«Қ. Өскенбаев атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ педагог-психологы Ахметова Аида Бейсенқызы «Мектептегі психологиялық қауіпсіздік: заманауи тәсілдер, құралдар мен тәжірибелер» тақырыбындағы облыстық педагог-психологтер семинарына қатысты
19.10.2026
Семинар Ақмола облысы білім басқармасының Жақсы ауданы бойынша білім бөлімінің «Жақсы ауылының № 1 жалпы білім беретін мектебі» КММ базасында өтті. Семинардың мақсаты – білім алушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық тәуекелдердің алдын алу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бойынша практикалық тәжірибе мен заманауи тәсілдермен алмасу.
Іс-шараға Ақмола облысының жалпы білім беретін ұйымдарының педагог-психологтері, білім бөлімінің өкілдері, әдіскерлер, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің басшылары мен мамандары қатысты. Семинар жұмысына Ақмола облысының Психологиялық қолдау орталығының өкілдері де қатысты: әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Уаисова Сандуғаш Қанғожаевна, әдіскерлер Әлшімбаева Динара Дастанқызы мен Қазғожина Құндыз Нұрханқызы, сондай-ақ әдіскер-үйлестіруші Старцева Тамара Андреевна.
Аида Бейсенқызы «Мәселеден ресурсқа: психологиялық қауіпсіздік тәжірибелері» атты үшінші секцияның модераторы болды. Сонымен қатар «Педагог-психолог жұмысындағы ресурстық тәсіл: қиындықтарды анықтаудан баланың мүмкіндіктерін дамытуға дейін» тақырыбында практикалық материал ұсынды.
Семинар әріптестермен тәжірибе алмасуға және білім алушыларды қолдауға, олардың жеке ресурстарын дамытуға бағытталған жұмыс тәжірибесін таныстыруға мүмкіндік берді. Семинар қорытындысы бойынша Ахметова Аида Бейсенқызына тәжірибесін облыстық деңгейде жинақтап, таныстырғаны үшін сертификат табысталды.